A guest blog post from Dr Ainur Akhmetova, a visiting scholar from Kazakhstan. This is the Kazakh version of the post she provided in English, Kazakh, and Russian.
Орталық Азия әдебиеті мен фольклорына қызығушылық танытатын Кембридж университетінің студенттері мен зерттеушілеріне Қазіргі және ортағасырлық тілдер және лингвистика факультетінде (Faculty of Modern and Medieval Languages and Linguistics) Кітап көрмесін ұйымдастыру үшін (10.05.2024) университет кітапханасында осы салаға қатысты кітаптар тізімін жасаған болатынмын.
Кембридж университетінің Қазіргі және ортағасырлық тілдер және лингвистика факультетінің проф. Чарльз Форсдикке (Prof Charles Forsdick) қазақ әдебиетіне қатысты постотаршылдық теория туралы баға жетпес құнды кеңестеріне және ғылыми жетекшім, проф. Хьюгс Азерадқа (Prof Hugues Azerad) аталған кітап (таныстыру) шарасын ұйымдастыруда қолдау білдіргені үшін ілтипатпен алғыс білдіремін. Менің блог постымда маңызды деп саналған кітаптар ғана қамтылды. Аталған тізімдегі кітаптардың бір бөлігі Орталық Азия әдебиетін постотарлық зерттеулер мен поэтика призмасы арқылы зерттеуге арналған ғылыми жобам аясында табылған болатын.
Көрмеге және зерттеулеріме қажетті материалдармен қамтамасыз еткені үшін Коллекциялар және академиялық байланыс бөлімінің меңгерушісі / Славян маманы Мел Бахқа (Mel Bach), сонымен бірге Ула Денчке (Ula Dench), Франсиско Гарсиаға (Francisco Garcia), Хелен Фернандеске (Hélène Fernandez) (Қазіргі және ортағасырлық тілдер және лингвистика факультеті кітапханасының меңгерушісі), Кэтрин Уордлға (Catherine Wardle) және Ежелгі Үндістан және Иран қорына ризашылық білдіремін. Славян бөлімі мен Айрин Фабри-Техранчиге (Irène Fabry-Tehranchi) (Француз маманы, Университет кітапханасы) де алғысым шексіз.
Төменде лингвистикалық назардан тыс қалған Орталық Азия әдебиеті мен фольклорына қатысты Кембридж университетінің кітапханасынан ағылшын, қазақ және орыс тілінде табуға болатын маңызды кітаптар туралы, бәлкім, алғаш жазылып отырған блог жазбамды ұсынамын.
Түркіменстанның XVIII ғасырдағы классик ақыны, философ Мақтымқұлы Фрагидің (1724-1807) “Орталық Азия дала жырлары: XVIII ғасырдағы Түрікменстанның батыр-ақыны Мақтымқұлының өлеңдер жинағы”-на [Юсеф Аземун аудармасына негізделген Брайан Алдис нұсқасы] (Кавершам: Мақтымқұлы достар қоғамы, 1995) оның өмір сүрген дәуірінде қоғамға көзқарасын танытатын көптеген өлеңдері енген. Фраги – Мақтымқұлының лақап есімі. Мақтымқұлы өмір сүрген уақыт – түркімен халқы үшін күрделі және қиын кезең болды. Оның шығармашылығында сопылық сарында жазылған дидактикалық өлеңдері ерекше орын алады және бірқатар өлеңдері қиын уақыт пен жағдаятта өмір сүрген түркімен халқын бірлікке шақыруға бағытталған. Ғалымдар Мақтымқұлы туралы жан-жақты зерттеулер жүргізді және ақынның әдеби шығармалары бірнеше тілге аударылды. Мақтымқұлы – Шығыс әлемінде аса танымал Омар Хаям, Қожа Ахмет Ясауи, Әбілқасым Фирдауси, Низами Гәнжауи, Әлішер Науаи, Мұхаммед Физули және Абай Құнанбайұлы сынды поэтикалық тұлғалармен қатар аталатын Түркіменстанның ғана емес, Орталық Азия аймағының көрнекті ақыны.
Қазақ әдебиетінде әйел құқығы мен еркіндігін қорғау мәселесі ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында кеңірек қолға алынып, жазушы Міржақып Дулатовтың “Бақытсыз Жамал” (1910 жылы жарияланған алғашқы қазақ романы), Спандияр Көбеевтің “Қалыңмал”, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың “Қамар сұлу”, Жүсіпбек Аймауытовтың “Ақбілек” романдары мен Мағжан Жұмабаевтың “Шолпанның күнәсі” және Мұхтар Әуезовтің “Қаралы сұлу”, “Қорғансыздың күні” сынды әңгімелерінде көрініс тапты. Кембридж университетінің кітапханасынан көрнекті қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың алғысөзі берілген Мұхтар Әуезовтің (1897-1961) “Қорғансыздың күні”, “Қаралы сұлу”, “Көксерек”, “Қараш-қараш” және “Қилы заман” атты прозалық туындылары қамтылған “Қаралы сұлу” кітабын табуға болады. Бұл кітапты құрастырған Бигелді Ғабдуллин және ағылшын тіліне аударған Саймон Гэйган. Аталған прозалық туындыларда қазақ ауылдарындағы әйелдердің ауыр жағдайына (соның ішінде ер адамдардың зорлық-зомбылығы, қорғансыз, кедей) және отаршылдық саясаттың әйелдердің әл-ауқатына тигізген салдары бейнеленген.
Мұхтар Әуезовтің төрт томдық “Абай жолы” роман-эпопеясы (1942, 1947, 1952, 1956) «қазақ әдебиетінің энциклопедиясы» ретінде бағаланады. “Абай жолында” қазақтың көрнекті ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен өмірбаянын баяндалумен қатар, қазақтың ұлттық этнографиясы, мәдениеті, өнері, әдемі таулары мен кең жері суреттелген. Франциядағы cюрреализм қозғалысының көрнекті ақыны Луи Арагон бұл “XX ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі” деп атаған болатын. Бұл романның алғашқы нұсқасы “Абай” деген атаумен екітомдық ретінде 1942 және 1947 жылдары жарық көрген. Жазушыға 1949 жылы “Абай” романы үшін әдебиет саласындағы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген, ал 1959 жылы «Абай жолы» романы үшін Лениндік сыйлықтың иегері атанды.
ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген өзбек ақыны, жазушы, драматург, әдеби аудармашы Әбділхамит Сүлейменұлы Шолпонның (1893-1938) “Түн мен күн” (Academic Studies Press, 2019) романы түпнұсқада 1936 жылы жарық көрген және 2019 жылы өзбек тілінен ағылшын тіліне Кристофер Форт аударған. Кітаптың ағылшынша нұсқасында аудармашының Шолпон шығармашылығы туралы кіріспесі және аталған роман туралы зерттеулік талдауы берілген. “Шолпон” – Әбділхамит Сүлейменұлының бүркеншік аты және ол – Өзбекстанда ғана емес, Орталық Азия әдебиетінде ояту сарынын қалыптастырған ең танымал автор. Аталған романның кейбір бөлімдері 1935 жылы шыға бастаған. Роман “Түн және күн” деп аталғанымен, роман-дилогияның бірінші бөлімі “Түн” жарық көреді. Зерттеушілердің кейбірі романның жарық көрмеген немесе жазылмаған екінші бөлімі саяси цензура себебінен “жоғалып кетуі” ықтимал деген жорамал айтады. Роман ХХ ғасыр басындағы Түркістан аймағындағы – Орталық Азиядағы жәдидизм* өкілдерінің және Шолпонның өзінің жазушы ретіндегі Кеңес отаршылдығының саясатына көзқарасы, идеясы және қарсылығы және өзбек әйелінің ауыр тағдырын бейнелейді. Шолпон Шекспирдің “Гамлет” трагедиясын және Пушкин, Горький, Тургенев, Чеховтің әдеби жұмыстарын өзбек тіліне аударған.
Орталық Азия аймағындағы көрнекті, қостілді қырғыз жазушысы және драматург Шыңғыс Айтматовтың прозалық туындылары ағылшын тілімен қатар, бірнеше тілге аударылған. Оның “Жәмила” (Лондон: Телеграм, 2007; Аударманың авторлық құқығы © James Riordan, 2007) повесінің ағылшынша нұсқасы, орыс тіліндегі “Ақ кеме” және басқа да туындылары Кембридж университетінің кітапханасында катaлогталған. Оның “Ғасырдан да ұзақ күн” (1987 жылы Индиана университеті баспасында ағылшын тіліне аударылып жарық көрген), “Ақ кеме”, “Қош бол, Гүлсары”, “Жәмила”, т.б. туындыларын оқырман жылы қабылдаған болатын.
“Жәмила” повесінде ХХ ғасырда ауылды аймақта колхозда жұмыс істеген жас әйел Жәмила мен майданнан (Екінші дүниежүзілік соғыс) мүгедек болып ауылға оралған Данияр есімді ер адамның арасындағы махаббат суреттеледі. Жәмила мен Даниярдың арасындағы тереңдей түскен қарым-қатынасқа дейін оның күйеуі Садық майданға аттанады. Повестегі Жәмила, Садық және Данияр есімді кейіпкерлер – соғысқа аттанып, кейін отанына жараланып оралған Кеңес кезеңінің ер адамдары мен өте ауыр жағдайда жұмыс істеген әйелдерінің типтік бейнесі. Бұл туындыны ағылшын тіліне Жеймс Риордан (James Riordan) аударған.
Оқырмандар “Қазіргі қазақ әдебиеті. Проза” (Қазақстан: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры; Кембридж: Кембридж университеті баспасы, 2019) антологиясы арқылы Қазақстанның 20-21 ғасырдағы әдебиетін дамытуға барынша үлес қосқан және өзіндік стилімен ерекшеленетін отыз қаламгерінің отыз прозалық шығармасымен таныса алады. Антологияға енген прозалық туындылар Екінші дүниежүзілік соғыс, қазақ халқының ұлттық бірегейлігі мен дәстүрінің ерекшелігі, КСРО кезеңінде Қазақстанда сынақтан өткізілген бомба жарылысының адамдарға, жалпы қоршаған ортаға тигізген зардабы (Семей полигоны деген атаумен танымал), еркіндік, тарих, ауыл, т.б. әртүрлі тақырыпта жазылған.
Прозалық антологиямен қатар бір уақытта “Қазіргі қазақ әдебиеті. Поэзия” (Қазақстан: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры; Кембридж: Кембридж университеті баспасы, 2019) атты поэзиялық антология да жарық көрген болатын. Дарем университетінің профессоры Жейсон Хардиңнің (Professor Jason Harding, Durham University) алғысөзі берілген бұл жинаққа Қазақстанның отыз бір ақынының бірқатар өлеңдері енген. Оқырмандар қазақ әдебиетінен төрт жүзден астам поэзиялық туынды оқи алады. Қазақ әдебиеті тарихында ғажап өлеңдерімен танылған Қадыр Мырза-Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Олжас Сүлейменов, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Несіпбек Айтұлы, Темірхан Медетбек, Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов, Маралтай Райымбекұлы, Танакөз Толқынқызы, Ақберен Елгезек және Ерлан Жүніс, т.б. ақындардың поэзиясы қазақ мәдениеті мен әдебиетін кең ауқымда таныстырады.
“Абай” кітабы (Қазақстан: Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қоры; Кембридж: Кембридж университетінің баспасы, 2020) қазақ ақыны, философ Абай Құнанбайұлының (1845-1904) 175 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ағылшын тіліне аударылып, Кембридж университетінің баспасынан жарық көрді. Әдебиет сыншылары мен оқырмандар ХІХ ғасырда қазақ әдебиетінде сыни реализмнің негізін қалаған Абай Құнанбайұлының ақындық шығармашылығын жоғары бағалаған. Кітапқа қазақ жазба әдебиетін қалыптастыруға үлес қосқан Абай Құнанбайұлының жүзден астам өлеңі, поэмалары мен қарасөздері енген және ағылшын тілімен қатар, қытай, испан, араб, итальян, түрік, француз, жапон, неміс, орыс тіліне аударылған. Абай туындыларын (абайтану тарихында) алғаш рет Шон О’Брайен, Джон Бөрнсайд, Зифа Әуезова, Роза Құдабаева, Гауһар Халық, Миргүл Қали, Ақнұр Төлеубаева, Әсия Иссембердиева қазақ тілінен ағылшын тіліне аударды.
Өлеңдерін орыс тілінде жазған Қазақстан авторлары кеңестік және посткеңестік кезеңде кейбір елдерге танылып, олардың біразы ағылшын тіліне аударылған. Танымал ақын, лингвист, саясаткер, Невада-Семей ядролық қаруға қарсы қозғалысының президенті Олжас Сүлейменовтің (1936) “Әр жылдардағы өлеңдер” (Алматы: Дайк-Пресс, 2006) атты кітабына “Қазақстан”, “Азия алаулары”, “Шөлдегі түн”, “Домбыра”, “Біз көшпендіміз”, “Таулар, таулар” сынды ең таңдаулы өлеңдері енген. Бұл ақын “Адамға табын, Жер, енді”, “АЗиЯ”, “Игорь полкі туралы жыр”, т.б. кітаптарымен кеңірек танылған және өлеңдері орыс тілінен бірнеше тілге аударылған. Олжас Сүлейменовтің поэтикалық және ғылыми жұмыстары қазақ және орыс мәдениетімен қатар, басқа да мәдени кеңістіктер арасында көпір орнатты. Ол ақын, тілтанушы-ғалым, саясаткер, қоғам қайраткері ретінде Кеңестік және посткеңестік Қазақстанның әдебиеті мен мәдениетінде ерекше орын алады.
Кеңестік, посткеңестік мемлекеттер аясында және одан тыс ақын Олжас Сүлейменовтің 1975 жылы орыс тілінде жарық көрген “АзиЯ” кітабы (Алма-Ата: Жазушы, 1975; Москва: “Грифон М”, 2005) және басқа да зерттеу жұмыстары арқылы лингвист-ғалым ретінде де кеңірек танылған болатын. Бұл кітапта ежелгі славян және түркі мәдениеттері тығыз қарым-қатынаста болғанын «Игорь жасағы туралы жырын» зерттеу арқылы көрсетуге тырысады. “АзиЯ” кітабы жүз мың данамен басылып шыққаннан кейін, автор 1976 жылы автор пантюркист және ұлтшыл ретінде айыпталады. Бұл кітап славян, түркі*, шумер мәдениеттеріне ортақ сөздердің этимологиясына салыстырмалы талдау жасап, діни және тарихи дискурстарға түсіндірмелер ұсынады. Сонымен қатар, аталған басылымда халықтардың ежелгі дәстүрі мен діни сенімінің кейінгі мәдениеттерге әсері туралы ғылыми-танымдық деректер мен сілтемелер және түркілер мен шумер мәдениетіне ортақ сөздердің салыстырмалы кестесі берілген.
Қоғамда қазақ тілінің қолданысы, ұлттық бірегейлік және адамзаттық құндылықтардың үстем болуын өлеңдерімен де, қоғамдық қызметтерімен де қолдау білдіріп танылған көрнекті ақын Мұхтар Шахановтың (1942) “Эверестке шығу” (Алматы: Атамұра баспасы, 2003) өлеңдер кітабы Кембридж университетінің кітапханасына қазақ тілінде сақталған. Мұхтар Шаханов ұлт тарихы, ұлт тілі, халық дәстүрі тақырыбында және адам көкейіндегі қайшылықтары туралы, т.б. жазды. Оқырмандар жылы қабылдаған “Гималай жолбарыстары немесе малдық сана туралы мұң”, “Құлпытас кепиеті немесе кері тебу заңы”, “Жетінші түйсік”, “Жігерлендіру”, “Түсінісу теоремасы” және “Төрт ана” сынды көптеген өлеңдердің авторы
Мұхтар Шахановтың “Естелік кітабы” (Алма-Ата: Жалын, 1984) атты Шыңғыс Айтматовтың алғысөзімен басталатын орыс тіліндегі кітабына «Жеңілген жеңімпаз хақындағы Отырар дастаны немесе Шыңғыс ханның қателігі», «Түркістан аңызы», «Сенім патшалығы», «Достық туралы» және «Сейхундария», т.б. көптеген өлеңдері мен дастандары енгізілген.
Көрнекті қазақ ақынының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың және Алаш халықаралық сыйлығының иегері Есенғали Раушановтың (1957-2021) қазақ тілінен ағылшын тіліне аударылып, Уитлс баспасынан (Whittles Publishing, 2021) жарық көрген “Құстар – біздің досымыз” атты кітабында көркемдік, ғылыми, мифтік, фольклорлық ақпараттарға негізделген отыздан астам құс түрі: аққу, қарлығаш, дегелек, ақсұңқар, дуадақ, ұлар, т.б. туралы әңгімелер қамтылған. Ақын құстар әлемінің әртүрлі мәдениетте қабылдануы мен жаратылыс ретіндегі өзіне тән ерекшеліктерін баяндайды. Өлеңдері бірнеше тілге аударылған Есенғали Раушанов қазақ әдебиетінде “Қара бауыр қасқалдақ” және “Періштелер мен құстар” атты поэзиялық кітаптарымен танылған. Ақын поэзиясында құс образы – еркіндік пен әдеміліктің символы ретінде көрініс тапқан және еркіндікті аңсайтын ақын мен құс табиғатының арасынан ұқсастық табуға тырысады. «Құстар – біздің досымыз» атты кітабында құстар туралы әртүрлі қызықты ақпаратты ұсынған.
Қазақ әдебиетінде жазушылық шеберлігі жоғары бағаланатын жазушының бірі Әбіш Кекілбаевтың “Ұмытылған жылдар балладасы” кітабы (London: Stacey International, 2008) түпнұсқасында 1967 жылы шыққан бұл прозалық туынды “Дала балладалары” атты кітабына “Күй”* деген атаумен повесть жанры ретінде енген. “Күй” повесінде ерте кездерде көшпелі өмір сүрген қазақтар (қазақ даласының батыс бөлігі) және түркімен халықтарының арасындағы өзара жаугершілік, шапқыншылық оқиғалары баяндалады. Түркімен батыры қазақтардың қолынан қаза табады, мұның қарымтасы ретінде түркімендер де қазақтарды қолға түсіріп, азаптаудың ерекше түрін қолданады. Яғни, тұтқындағы адамның шашын тықырлап алып, ыстық күн астында тақыр басына түйенің жүнінен бас киім кигізеді. Түйе терісі адам басын қысқанда ол өткенін толықтай ұмытады. Жақын күндер арасында бұл әдіс адамның өткенін ұмыттырып, мәңгүртке (Гаити мәдениетіндегі зомбиге жақын келеді) айналдырады. Есінен айырылған мәңгүрт адам иесі айтқан тапсырманы ғана орындайды. Әдеби туындыда өзара жау болған халықтардың кек алу мақсатында бір-біріне бірнеше рет жасаған әртүрлі деңгейдегі зорлық-зомбылықтарды кейіпкер ретінде алынған күйші* домбырамен* күй шерту арқылы жеткізеді. Сондықтан шығарма “Күй” деп аталады. Шығармадан мәңгүрт (ұғымы) отарлау тарихының отарланған халықтың адамдық санасына тигізген зардаптарын символдап жеткізеді деп айтуға болады. “Мәңгүрт’ түсінігі Орталық Азия әдебиетінде қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаевтің “Күй” повесі және қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов романы арқылы орныққан болатын.
Орталық Азия әдебиетінде әйелдер шығармашылығы жиі ауызға алынады. Ағылшын тіліндегі алғашқы “Аманат: Қазақстан әйелдерінің прозасы” антологиясында (Нью-Йорк: Gaudy Boy, LLC, Singapore Unbound, 2022) Қазақстанның оннан астам әйел авторының түпнұсқада қазақ және орыс тілінде әртүрлі тақырыпта жазылған прозалық туындылары қамтылған. Жинақтың редакторы және аудармашысы: Зәуре Батаева, Шелли Фэрвезер-Вега (Shelley Fairweather-Vega) және Сэм Бризиел (Sam Breazeale), Гэйбрил МакГуайа (Gabriel McGuire) шығаруға үлес қосқан. “Аманат”* жинағындағы әңгімелер Қазақстанның Сталин дәуіріндегі тарихы (ашаршылық / ұжымдастыру, Екінші дүниежүзілік соғыс, Семей полигонының адамдар мен қоршаған ортаға тигізген зардаптары, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі) мен посткеңестік кеңістікте өмір сүріп жатқан қазақ халқының бай және қарқынды дамып келе жатқан мәдениеті мен әлеуметтік тұрмысының өзгеріске түскен аспектілері мен күрделі қиындықтарын жеткізеді. Жинақта профессор Гэйбрил МакГуайаның алғысөзі мен құрастырушы және аудармашы Зәуре Батаева мен Шелли Фейервезер-Веганың кіріспесі берілген.
Қырғыз халқының батырлық эпосы “Манас” (1-2 томдығы, Жүсіп Мамай нұсқасы, аудармасын жасаған Карл Райкл, Чидем Акюз және Рысбек Алимов, China Intercontinental баспасы, 2015) халық арасында ауызша сақталып бүгінге жетті, 19 ғасырда жазбаша нұсқасы жазбаша нұсқасы жарық көргені айтылады. “Манас” дастаны келесідей үш бөлімнен тұрады: бірінші кітап “Манас”, екінші кітап “Семетей” және үшінші кітап “Сейтек” деп аталады және әр бөлімнің алпыстан астам нұсқасы бар екені зерттеулерде аталады. Манас – қырғыз батырының, Семетей – Манастың ұлының және Семетей Манас батырдың немересінің есімі. “Манас” дастанында Манас батыр мен ұрпақтарының тарихи әрекеттері және XVI-XVII ғасырларда Ойрат және Қарақытай сынды көшпелі халықтардан өз жерін қалай қорғағаны туралы тарихи көріністері баяндалады. Манас батыр өз халқын жаулардан қорғаған батыр ретінде аталады. Қырғыз Республикасы 1995 жылы Манастың 1000 жылдығын атап өтті.
“Көроғлы” қаһармандық эпосы (“Көроғлы” сөзі батыл, ер жүрек мағынасын білдіреді) ауызша айтылып, бүгінге дейін жеткен Түркіменстанға ғана емес, Орталық Азия және Кавказ халықтарына тиесілі мұра. Жырдың түрлі нұсқалары түрікмен, қазақ, қарақалпақ, өзбек, әзірбайжан халықтарының арасында кездеседі. Көроғлы батыр 16-17 ғасырларда Әзірбайжан территориясында өмір сүрген түркімен батыры деп аталады және ол Иран шаһына қарсы күрескен. “Көроғлы” дастаны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени тізіміне енгізілді.
Леонид Соболевтің құрастыруымен және редакциялығымен жарық көрген “Дала жырлары. Қазақ әдебиетінің антологиясы” (Москва: Государственное издательство “Художественная литература” 1940) атты орыс тіліндегі кітапқа қазақ ауыз әдебиеті мен ХХ ғасырға дейінгі әдеби мәтін үлгілері енгізілген. Кітап өткен ғасырдың алғашқы жартысында жарық көрсе де, қазақ ауыз әдебиеті мен ХІХ-ХХ ғасырдағы әдебиет өкілдерінің шығармалары туралы мол көркемдік ақпарат береді. Кітапқа келесідей фольклорлық жанрлар мен бірқатар авторлардың әдеби туындылары енген: қаһармандық эпос: “Қобыланды батыр”, “Ер-Сайын”, “Ер-Тарғын”, “Қамбар батыр”; лирикалық эпос: “Қозы Көрпеш – Баян cұлу”, “Қыз Жібек”, “Айман-Шолпан”; тұрмыстық жырлар: “Жар-жар”, “Беташар”, “Естірту”; халық ертегілері: “Алдар Көсе және Шығайбай”, “Аяз би”, т.б. және қазақ әдебиетіндегі жазушылар мен ақындар: Бұқар жырау, Махамбет Өтемісұлы, Спандияр Көбеев, Сәбит Дөнентаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Дихан Әбілев, Қасым Аманжолов, Жамбыл Жабаев, Жұмағали Сайын, Кенен Әзірбаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғали Орманов, Әбу Сәрсенбаев, Әбділда Тәжібаев, т.б.
Бүгінде Қазақстанда мәдени мұраларды қайта жинау, жүйелеу және зерттеуге ерекше назар аударылады. Мұның нәтижесі ретінде мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының қолдауымен “Бабалар сөзі” деп аталатын қазақ фольклорының 100 томдығы жарық көргенін еске алғанымыз жөн. Сонымен қатар, Қазақстанның фольклорист-ғалымы Сейіт Қасқабасовтың “Қазақтың халық прозасы” (Алматы: Ғылым, 1984) атты кітабында ауызша прозаның дамуы мен жанрлық классификациясы зерттелген.
Кембридж университетінің кітапханасында Орталық Азия аймағынан шыққан келесі бірқатар көрнекті авторлардың әдеби туындылары каталогтандырылған. Атап айтқанда, түркі халықтарына ортақ ақын – өзбек ақыны Әлішер Науаидың Таңдамалы шығармалары – поэмалары мен лирикалары (Советский писатель, 1948) орыс тілінде; Кеңес кезеңіндегі тәжік әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, қоғам қайраткері Садриддин Айни (1878-1954) шығармаларының 1-8 томдығы (Тошкент: УзССР Давлат бадиий адабиёт нашриёти, 1963) өзбек тілінде; Кеңес кезеңі және посткеңестік өзбек жазушысы, сценарист Тимур Пулатовтың екітомдық Таңдамалы шығармалары – “Страсти бухарского дома”, “Владения” (Ташкент: Издательство литературы и искусства, 1990-1991) кітаптары орыс тілінде; өзбек жазушысы Хамид Исмаиловтың өзбек тіліндегі “Жинлар базми” романы (Дональд Рэйфилд аударған; ал өлеңдерін тәржімалаған Джон Фарндон) (Лондон: Tilted Axis Press, 2018) ағылшын тілінде қолжетімді.
Глоссарий
Аманат дегеніміз – белгілі бір адамға немесе халыққа маңызды және құнды деп саналатын зат немесе мүлікті зақым келтірмей, бұзбай болашаққа сақтап жеткізу үшін басқа адамға/ұрпаққа қалдырған міндеттемесі/аманаты. Қазақ мәдениетінде бұл ұғым діни, мәдени, тарихи және әлеуметтік коннотацияларды қамтитын ауқымды мағына арқалайды.
Домбыра – қазақтар мен басқа да түркі халықтарының (қырғыз, өзбек, ноғай, т.б.) ағаштан жасалатын мойны ұзын, ішекті ұлттық аспабы. Домбыра фольклорлық, дәстүрлі, классикалық және заманауи ән-күйді сүйемелдейтін қазақ мәдениетіндегі ең құнды және маңызды аспап саналады.
Жәдидизм, жәдид – ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында “usul-i jadid”-тен (a new method of teaching) бастау алған Орталық Азияда мұсылман ағартушыларынан құрылған қозғалыс. Жәдидтердің бастапқы мақсаты мектептердегі ескі оқыту үлгісін жаңарту және білім сапасын арттыру болды. Қоғамдық салаларда прогресс жасау үшін жәдидтер көптеген студенттердің Батысты қоса алғанда шет мемлекеттерде білім алуын артық санады. Жәдидизмнің маңызды өкілінің бірі ретінде «Тәржіман» газетін шығарған қырым татары Исмаил Гаспринский (1851-1914) болды және Фитрат, Қадири және Шолпон, т.б. өзбек әдебиетінің өкілдері бұл қозғалысты қолдады. Жәдидтер отаршылдық режиміне қарсы болды.
Күй – арнайы инструменттермен (домбыра қобыз, дутар, т.б.) ойналатын әртүрлі ырғақ жиынтығынан тұратын дәстүрлі музыкалық өнер және күй түрлерге бөлінеді. Қазіргі уақыттың өзінде күй өнері әртүрлі дәстүрлі және дәстүрлі емес мерекелерде, жеке жиындар мен тойларда орындалып келеді.
Күйші – ұлттық аспаптармен (домбыра қобыз, дутар, т.б.) күй орындайтын музыкант. Қазақ мәдениет тарихында Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәулеткерей Шығайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы сынды көрнекті күйшілер шығармашылығы ерекше орын алады.
Түркі халықтары – түркітектес тілде сөйлейтін халықтар (қазақтар, өзбектер, қырғыздар, түркімендер, татарлар, башқұрттар, ноғайлар, түріктер, әзірбайжандар, ұйғырлар, т.б.). Олардың тілдік ережелері бір-біріне жақын келеді және тарихта туыстас халық саналады. Ескі түркі жазулары Орхон және Енисей өзендерінің бойынан табылған. Түркі халықтарының бір бөлігі – қазақтар (Қазақстан), өзбектер (Өзбекстан), қырғыздар (Қырғызстан) және түркімендер (Түркіменстан) қазіргі уақытта байырғы өз жерінде – Орталық Азияны мекендейді.
Айнұр Ахметова,
Ph.D, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының зерттеушісі (Қазақстан) және Кембридж университетінің шақыртылған ғалымы (2023-2024)



















